Maqsut Narikbayev University (MNU) ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықты кеңейтуде. Жоғары оқу орнында этика, ашықтық және білім беру саласындағы академиялық адалдық кафедрасы құрылды.
Жаңа кафедраны іске қосу туралы келісімге MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев пен ЮНЕСКО Бас директоры Халед Әл Анани қол қойды. Оның қызметі аясында цифрлық трансформация дәуірінде білім беру жүйелерінде этика, ашықтық және адалдықты қамтамасыз етуге, білім беру процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғауға және цифрлық құралдарды жауапкершілікпен қолдануға ерекше көңіл бөлінеді. Кафедраны жоғары білім беру саласындағы жетекші халықаралық сарапшы Лука Лантеро басқарып, MNU Провосты Анар Ибраевамен бірге жетекшілік ететін болады.
ЮНЕСКО кафедрасының қызметі ғылыми зерттеулер, оқыту мен кәсіби даярлықтың кешенді жүйесін дамытуға, сондай-ақ қоғаммен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған. Ол жетекші зерттеушілер мен оқытушыларды бірқатар елдердің ғылыми ұйымдарының өкілдерімен біріктіреді. Кафедра ЮНЕСКО-ның басқа да кафедраларымен және UNITWIN бағдарламасымен ынтымақтаса отырып, халықаралық ұйымның мандаты мен басымдықтарын жүзеге асыруға жәрдемдесетін болады.
Айта кетейік, ЮНЕСКО БҰҰ-ның білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі мамандандырылған мекемесі.