9 желтоқсан күні, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай, MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY-де СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ, БҰҰ ЕҚБ және АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ ЛИГАСЫНЫҢ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІМЕН бірлестікте білім саласында адалдық мәдениетін насихаттауға арналған республикалық форум ұйымдастырылды.
Форум білім беру және ғылыми салалардың 200-ге жуық өкілдерін біріктірді. Қатысушылар арасында БҰҰ ЕҚБ Орталық Азиядағы аймақтық өкілі Оливер Штольпе, Қазақстанның бірінші ағарту вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, сондай-ақ 60-қа жуық университет ректорлары болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағалиев Академиялық адалдық – сапалы білім мен табысты мансап жолын құру негізі екенін атап өтті. Ол Академиялық адалдық Лигасы оқу орындарында әділеттілік пен ашықтық мәдениетін қалыптастырудың негізгі құралы ретінде қызмет ететінін алға тартты.
MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY Басқарма Төрағасы Талғат Нәрікбаев өз сөзінде лиганың болашағы білім беру үрдісінің барлық деңгейлерін қамтумен және парасаттылық құндылықтарын тәрбиелеуге жүйелі тәсілді енгізумен байланысты екенін атап өтті.
Форум барысында Лиганың атқарған жұмысы бойынша қорытындылар ұсынылып, тәжірибе алмасу мен білім беруде цифрлық трансформацияны енгізу шаралары талқыланды. Азаматтық авиация академиясы, Арқалық педагогикалық институты және Батыс Қазақстан медицина университеті Лигаға қосылуға ниет білдірді. Жоғары оқу орындарының жұмысын бағалау үшін Лига академиялық стандарттарға сәйкес келетін 10 қағидат пен 105 шарт әзірледі.
Форум қоғамда “Заң және тәртіп” қағидатын ілгерілету, тәжірибе алмасу және білім беру саласындағы парасаттылық пен адалдықты нығайту жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын талқылау үшін платформалардың біріне айналды.
Лига бес жыл бұрын құрылып, қазіргі таңда 18 университетті, оның ішінде Maqsut Narikbayev University, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Қазақстан-Британ техникалық университеті және басқа да алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарын біріктіреді. Лиганың негізгі мақсаты – білім беру саласында этикалық нормаларды дамыту және құқықбұзушылықтардың алдын алу.