Maqsut Narikbayev University мен CCTV+ ынтымақтастық туралы келісті. Тараптар өзара түсіністік туралы меморандум жасасты.
Келісімге университет делегациясының Бейжіңдегі (ҚХР) CCTV+ кеңсесіне сапары барысында қол жеткізілді. Құжатқа MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев пен CCTV+ Бас директоры Ли Ся қол қойды. Серіктестік аясында ғылыми зерттеулер жүргізу, кадрлармен алмасу, медиафорумдар ұйымдастыру және жасанды интеллект саласында технологиялық инновацияларды енгізу жоспарлануда.
Сонымен қатар Аспан асты елінің жетекші бейне жаңалықтар агенттігімен ынтымақтастық MNU Халықаралық журналистика мектебінің студенттеріне контент алу мүмкіндіктерін күшейтеді. CCTV+ әлемдік БАҚ-қа мультимедиялық контент, репортаждар және тікелей трансляциялар ұсына отырып, халықаралық медиа нарықта маңызды орын алады. Агенттік Қытай орталық телевизиясының құрамына кіреді және оның бейне контентін 1800-ден астам телеарна мен 130-дан астам елде 1000-нан астам цифрлық платформа пайдаланады.
Айта кетейік, сондай-ақ биыл ҚР Президентінің телерадиокешені мен China Media Group MNU-да CMG Media Week 2026 іс-шарасын ұйымдастырған. Бір апта бойы Қытайдың ірі медиакорпорациясының жетекші сарапшылары болашақ журналистерге арналған тренингтер өткізді.








