Maqsut Narikbayev University (MNU) Бейжің тіл және мәдениет университетімен (BLCU) меморандумға қол қойды. Жоғары оқу орындары қос дипломдық бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр.
Келісімге Бейжіңде (ҚХР) MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев пен BLCU Президенті Дуань Пэн қол қойды. Тараптар ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады. Меморандум аясында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу, студенттер мен оқытушылар алмасу, академиялық және ғылыми іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Бейжің тіл және мәдениет университеті – қытай тілін оқыту бойынша әлемдегі жетекші жоғары оқу орны, сондай-ақ лингвистика саласында мамандар даярлау бойынша Аспан асты елінің басты білім ордасы. 60 жылдан астам уақыт бойы BLCU қытай тілін меңгерген және қытай мәдениетімен таныс әлемнің түкпір-түкпірінен 200 мыңға жуық маман дайындады. Сонымен қатар 1983-1984 жылдары осы университетте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағылымдамадан өткен.
Айта кетейік, MNU сондай-ақ АҚШ, Англия, Германия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Франция және Швейцарияның жоғары оқу орындарымен қос дипломдық бағдарламаларды жүзеге асыруда. Бұған дейін Қытай саяси ғылымдар және құқық университетімен бірлескен «ЖИ + Құқық» магистрлік бағдарламасының іске қосылғаны жарияланған болатын.




