Maqsut Narikbayev University (MNU) мен Бали мемлекеттік политехникалық институты (PNB) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Уағдаластыққа Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман мен Индонезиялық жоғары оқу орнының өкілдерінің MNU-ға сапары барысында қол жеткізілді. Келіссөздер барысында ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланды. Меморандумға MNU Басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары Сергей Пен мен PNB директоры Ньоман Абди қол қойды.
Тараптар академиялық ұтқырлықты дамыту, студенттер мен оқытушылардың тағылымдамаларын ұйымдастыру және қос диплом бағдарламаларын әзірлеуге ықпал етіп, жәрдемдесетін болады. Келіссөздер барысында ғылыми-зерттеу саласына ерекше назар аударылды. Меморандум жарияланымдар мен материалдар алмасуды, ғылыми конференциялар, семинарлар мен симпозиумдар ұйымдастыруды, сондай-ақ докторлық диссертацияларға ғылыми жетекшілік жүргізуді қамтиды.
Сонымен қатар жазғы мектептер мен экологиялық туризм және орнықты даму саласындағы қолданбалы әлеуметтік жобаларды іске қосу жөнінде пікір алмасылды. 40 жылға жуық тарихы бар Бали мемлекеттік политехникалық институты туризм, экономика, энергетика, машина жасау, құрылыс және IT салаларында 40-қа жуық білім беру бағдарламасын жүзеге асырады. Институт өкілдері Азия-Тынық мұхиты аймағында институционалдық ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылыстарын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін MNU Индонезияның екі жоғары оқу орнымен (Сунан Ампель Сурабая мемлекеттік ислам университеті және Алма-Ата университеті) келісімдер жасасқан болатын.





