Maqsut Narikbayev University (MNU) мыңнан астам қазақстандықты жасанды интеллект саласындағы қолданбалы дағдыларға үйретуге ниетті. Университет өз түлектері үшін «AI Upgrade» тегін курсын іске қосты.
Бастама Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылуда. ЖИ дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі озық технология дәуірінде әр маман иесі өзінің негізгі кәсібімен қатар, цифрлық дағдыларды жетік меңгеріп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жұмыс барысында қолдана білгені жөн деп айтқан болатын. MNU қазіргі заманда әлемде сұранысқа ие болуға мүмкіндік беретін өзекті білім беру арқылы өз түлектерін қолдау туралы шешім қабылдады.

«Өткен жылы Мемлекет басшысы Ғылым және жоғары білім министрлігіне барлық студенттер үшін «AI Sana» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Егер барлық жоғары оқу орындарында студенттердің 100 пайызы жасанды интеллект және оны экологиялық қолдану бойынша базалық курстан өткен болса, бүгінде MNU өз түлектерін оқыта бастаған жаңа кезеңге көшті. Бұл бірегей бағдарлама және біз министрлік ретінде оны барлық университеттерге таратуды жоспарлап отырмыз», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова.
Оқытудың бірінші легі ҚР Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында MNU-да басталды. Жоғары оқу орнының тәжірибелі мамандары курстың жүргізушілері болды. Екі күн ішінде 50-ден астам түлек ЖИ технологияларын тұрмыстық пайдаланудан жүйелік автоматтандыруға көшті.

«Курс аясында біз бірінші күні барлығына ЖИ-мен жұмыс істеу бойынша жалпы дағдыларды үйретеміз. Содан кейін қатысушылар арнайы әзірленген тапсырма алады. Ол келесі күні келіп, бүгін қандай кәсіби міндеттерді атқарып жатқандары туралы сұрақтарға жауап беру үшін қажет. Осы міндеттерге қарап, біздің нұсқаушылар барлығына автоматтандырудың жекелеген сценарийлерін ұсынады. Курсты табысты аяқтаған жағдайда арнайы міндеттерді орындауға бағытталған әркімнің жеке ЖИ көмекшісі болады», – деді MNU басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары Сергей Пен.
«AI Upgrade» аясында университет мыңнан астам адамды оқытуды жоспарлап отыр. Курс автоматтандырылған сценарийлерді жобалау, заманауи no-code құралдарын игеру, жұмыс процестеріне ЖИ-ді енгізу, тапсырмаларды автоматтандыру, GPT-мен өзара іс-қимыл логикасын құру және ЖИ-ді танымал онлайн-сервистермен интеграциялау бойынша практикалық кейстер мен промттарды қамтиды. Оқыту қорытындысы бойынша түлектер кәсіби тапсырмалар үшін жеке ЖИ көмекшісі мен портфолиоға дайын кейс алады, сондай-ақ автоматтандырылған жұмыс сценарийін құрастырып, ЖИ құралдарды меңгерудің кәсіби деңгейіне шыға алады.

«Мен заңгер болып жұмыс істеймін, сондықтан бұл курсқа тәжірибелік мақсатпен келдім. Атап айтқанда, хаттамаларды толтыру және заңгерлік құжаттарды жасау үшін ЖИ қолдануды үйрену. Заманауи кәсіби ортада мұндай дағдылар сұранысқа ие болып, уақытты үнемдеуге көмектеседі. Оқу барысында мен өз жұмысымда қолдана алатын пайдалы білім мен құралдарды алдым. Осы мүмкіндік үшін университетке алғыс айтамын», – деді MNU түлегі Серік Сәбит.
Айта кетейік, бұған дейін MNU-да екі ЖИ зертхана ашылып, «AI+X» жаңа білім беру бағдарламасының іске қосылғанын жарияланды және 13 елдің студенттерінің қатысуымен International Legathon MaxUP халықаралық конкурсы өтті.






