Maqsut Narikbayev University студенттеріне араб тілін үйренуге арналған кітаптар қолжетімді болды. Университет Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясынан бірқатар оқу әдебиеттерін сыйға алды.
Кітаптарды салтанатты түрде университет кітапханасына Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігі Мәдени бөлімінің басшысы Гассан Хумедан табыстады. Сыйлық араб тілі мен мәдениеті және лингвистикаға қызығушылық танытқандар үшін құнды ресурс болатын мамандандырылған басылымдарды қамтиды. Бұдан басқа, бұл әдебиет жоғары оқу орнының араб тілін оқыту саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді және Корольдіктің білім беру және мәдени мекемелерімен академиялық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін болады.
Айта кетейік, Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы 60-тан астам елде жұмыс істейді. Ұйым бүкіл әлемде араб тіліне қызмет етуге, оның адами өркениетті, ғылым мен мәдениетті дамытудағы рөлін арттыруға және әлеуетін нығайтуға бағытталған. Бұған дейін MNU-да Халықаралық араб тілі күніне орай көрме өтіп, арнайы курс іске қосылған болатын.




