Maqsut Narikbayev University-де Аустрия Республикасының өнер мен мәдениеттегі Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асырудағы жетістіктері таныстырылды. Жоғары оқу орнында көрме ашылып, сарапшының дәрісі өтті.
Іс-шара Аустрияның Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Кездесудің басты тақырыбы – креативті индустриялар мен қазіргі заманның жаһандық сын-тегеуріндерінің тоғысуы. Іс-шара аясында арт-менеджмент саласындағы сарапшы Дорис Ротхауэр мәдениет институттарының әлеуметтік-тұрақты дамуға қалай ықпал ететіні туралы дәріс өткізді.
Экспозицияда мәдени ортадағы БҰҰ-ның 17 Орнықты даму мақсатының әрқайсысын жүзеге асыруға арналған ақпараттық стендтер ұсынылды. Осы стендтер арқылы инклюзия, мәдени әралуандық, сондай-ақ бүкіл әлемдегі климатты қорғау мәселелері сияқты өзекті тақырыптар мен біздің заманымыздың сын-қатерлері егжей-тегжейлі көрсетілді.
«Бір қарағанда өнер мен климаттық өзгерістер екі түрлі тақырып сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шындығында олар тығыз байланысты. Жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұруға және әлемді неғұрлым тұрақты және инклюзивті ету үшін бізге креативтілік, инновация және қиял керек. Дәл осы тұста өнер мен мәдениет үлкен рөл атқарады», – деді Аустрияның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахер.
Айта кетейік, Аустрия Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында. Республика осы қағидаларды мемлекеттік саясатқа ықпалдастыру бойынша ТОП-5 елдердің қатарына кіреді. Ұлттық стратегияда әлеуметтік тұтастық, климаттық бейтараптық және экологияға баса назар аударылады.







