Maqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің студенттері Қытайдың China Media Group ірі медиакорпорациясының жетекші сарапшыларының тренингінен өтті. Университетте «CMG Media Week 2026» іс-шарасы ұйымдастырылды.
Медиаапталықты ҚР Президенті телерадиокешені (ТРК) және China Media Group (CMG) ұйымдастырды. Іс-шара ұйымдар арасындағы өткен жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары аясында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асырылды. MNU Провосты Анар Ибраева ТРК мен CMG өкілдеріне студенттерге Қытайдың жетекші журналистерінен білім алуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.

«CMG Media Week 2026 – бұл елдер, мәдениеттер және БАҚ саласындағы кәсіпқойлар арасындағы диалог платформасы. Медиаапталық күн тәртібін қалыптастыратын адамдарды біріктірді. Бұл болашақ журналистер үшін оқулықтармен емес, халықаралық сарапшылармен тікелей өзара іс-қимыл арқылы білім алудың тамаша мүмкіндігі», – деді Анар Ибраева.
Іс-шара CMG тәжірибешілерін білім беру алаңына біріктірді. Бір апта бойы мультимедиалық контентпен жұмыс бойынша қарқынды тренингтер, сондай-ақ халықаралық ортада журналистік дағдыларды дамытуға бағытталған шеберлік сыныптары өтті. Бұдан басқа, ТРК қызметкерлері үшін сарапшылардың жеке дәрістері ұйымдастырылды.

«Бұл біздің China Media Group-пен стратегиялық серіктестігіміздің және MNU қолдауының арқасында іске асқан бірегей жоба. Іс-шара – цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу дәуірінде озық тәжірибе алмасу мен медиа өндірістің жаңа әдістерін меңгеру үшін маңызды платформа. Біздің бастамамыз – бұл саланың болашағына ұзақ мерзімді инвестиция салу және Қазақстан мен Қытай арасындағы кәсіби ынтымақтастықтың іргетасын нығайту. Біз жас ұрпаққа және олардың таяу онжылдықта әлемдік медианың келбетін анықтайтын көшбасшылар болатынына шын жүректен сенеміз», – деді ҚР Президент телерадиокешенінің басқарушы директоры Роберт Мурадян.
Студенттер нақты кейстермен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болып, өз жобаларын дайындады. Тренингтер барысында телевизиялық жаңалықтарға арналған репортаждар, деректі фильмдер, сторителлинг пен подкасттарды шығару бойынша шеберлік сыныптары өткізілді. Сондай-ақ digital контентті өндіруге және жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалануға ерекше назар аударылды.

«Тренингтер қызықты және пайдалы болды. Мен жасанды интеллектті көптеген медиа өнімдер үшін пайдалануға болады деп ойламаған едім. Біз ЖИ технологияларын дұрыс қолдануды және этикалық аспектілерді үйрендік. Қытайлық сарапшылардың көзқарасы өте ұнады, себебі ЖИ тақырыбы әлі толық зерттелмеген, бірақ біз оны қолдану кезінде ұстану ережелері туралы білдік», – деді MNU студенті Аяулым Амангелдина.
China Media Group 100-ден астам телевизиялық және радиоарналарды, сондай-ақ 80-нен астам тілде ақпарат тарататын ақпараттық порталдарды біріктіреді. CMG корреспонденттік желісі 67 елде 190-нан астам шетелдік бюродан тұрады. Медиаапталық қорытындысы бойынша студенттердің үздік жобалары ұсынылып, қатысушылар тиісті сертификаттарға ие болды.

«Біздің Қазақстанға сапарымыз ҚР Президенті телерадиокешені, MNU және CMG медиакорпорациясы арасындағы ынтымақтастықтың аясында мүмкін болды. Аудиожурналистика мен подкастинг өнеріне әуестенген қазақстандық студенттермен танысқаныма шын жүректен қуаныштымын. Студенттер өте таң қалдырды. Олар Астана қаласында сұхбат жазып, қорытынды жұмыстар үшін аудиоматериал жинап, тапсырманы керемет орындады. Сондай-ақ, MNU-да оқытуда практикаға бағдарланған тәсіл қолданылатыны мені қуантады», – деді CGTN Radio шеф-редакторы Нинь Ян.
Айта кетейік, 2024 жылы Телерадиокешенмен серіктестік аясында MNU-да Орталық Азиядағы алғашқы Al Jazeera апталығы өтті.










