Maqsut Narikbayev University студенті Жазира Қаратаева 10 мың доллар көлеміндегі сертификаттың иегері атанды. Ол «Projects for Peace» байқауының жүлдегерлері қатарына енді.
АҚШ-тың Миддлбери колледжімен бірлескен байқау үш ай бойы өтті. Ұйымдастырушылар 10 жобаны қарап, қатысушылармен сұхбат өткізді. Байқау қорытындысы бойынша, Жоғары гуманитарлық мектебінің студенті Жазира Қаратаеваның Қазақстандағы ерте логопедтік қолдауға инклюзивті қолжетімділікке арналған «Баршаға арналған тіл» жобасы үздік деп танылды.
«Projects for Peace» – бұл өзекті жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық, қоғамға негізделген және ауқымды шешімдерді әзірлеуге бағытталған жастарға арналған жаһандық бағдарлама. Жобалармен жұмыс барысында студент-көшбасшылар өз білімдерін кеңейтіп, дағдыларын жетілдіреді. Байқаудың негізін 2007 жылы Кэтрин Уоссерман Дэвис қалаған. Ол жастарды «бейбітшілікке дайындалу» міндетін қабылдауы керек деп есептеген.
Айта кетейік, MNU Миддлбери колледжімен серіктестік орнатқан. Байқау аясында әлемдегі 100-ден астам жоғары оқу орнының студенттерінің үздік жобалары анықталады.