Maqsut Narikbayev University-де (MNU) Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының құқықтық архитектурасын дамыту мәселелері талқыланды. Жоғары оқу орнында Шанхай саяси ғылымдар және құқық университетімен (SHUPL) бірлесіп ұйымдастырылған халықаралық конференция өтті.
«Қазақ-қытай ынтымақтастығының құқықтық архитектурасы: инвестициялар, дауларды шешу және заңгерлік білім» тақырыбындағы конференция 300-ден астам адамды біріктірді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, академиялық қоғамдастықтың және дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь Бейжің мен Астана арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті.
«Қытай мен Қазақстанның заң негізінде басқаруды жаңғыртудағы жолы бір деуге болады. Біз диалогты одан әрі күшейтіп, тәжірибе алмасуды нығайтып, осы саладағы ынтымақтастықты кеңейтуіміз керек. Халықаралық конференция терең талқылау алаңын құруға бағытталған. Бұл екі тараптың заң негізінде басқару идеялары мен тәжірибесін барынша жан-жақты түсініп, елдер арасындағы достық ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын байытып, тиімді өңірлік және жаһандық басқаруды ілгерілетуге ортақ үлес қосуы үшін қажет», – деді Хань Чуньлинь.

Конференция аясында Қытайдың цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні реттеуге, халықаралық білім беру бағдарламаларын дамытуға көзқарасы, сондай-ақ халықаралық практикаға бағдарланған заңгерлерді даярлаудың заманауи үлгілері қаралды. Қатысушылар инвестициялық құқық, дауларды шешу тетіктері, цифрлық реттеу және трансшекаралық тәжірибе үшін заңгерлерді даярлаудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев екі ел үшін өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша академиялық диалогтың табысты басталғанын атап өтті.

«Біздің мемлекеттеріміздің көшбасшылары арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулер перспективалық күн тәртібін тағы да растады. Бұл инвестиция, инфрақұрылым, технология және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ осы бағыттарды қолдауды қамтамасыз ететін құқықтық шеңберлерді одан әрі дамыту. Трансшекаралық экономикалық қызметтiң өсуiне қарай инвестицияларды реттеу, дауларды шешу және заңгерлерді даярлау мәселелерi өзара тығыз байланысты. Осы тұрғыда біздің университеттер арасындағы ынтымақтастық бірлескен ғылыми жұмыс пен болашақ мамандарды даярлау арқылы осы кең ауқымды күн тәртібінің жүзеге асырылуына ықпал ететініне сенімдімін», – деді Талғат Нәрікбаев.
Конференция барысында ҚР Конституциялық Сотының судьясы Қанат Мусин, ҚР Әділет вице-министрі Даниель Ваисов, Шанхай саяси ғылымдар және құқық университетінің ректоры Гэ Вэйхуа және Шанхай ынтымақтастық ұйымы жанындағы Қытай ұлттық халықаралық алмасу және сот ынтымақтастығы институты кеңсесі директорының орынбасары Чжан Шаоин сөз сөйледі. Қатысушылар жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында құқықтық реттеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Баяндамаларды сондай-ақ SHUPL Цифрлық интеллект және құқық мектебінің деканы Цао Ян, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Еркінбаев, SHUPL Халықаралық құқық мектебінің партиялық хатшысы Ши Цзяньпин және MNU Құқық жоғары мектебінің деканы Ольга Бектібаева ұсынды.

«Әлемде жасанды интеллект саласында белсенді жарыс байқалады. Ірі корпорациялар жаңа технологияларды жасауда бір-бірінен озуға ұмтылады. Бұл жаһандану жағдайында, әсіресе ЖИ қолдану саласында заңгерлерді бірлесіп даярлауды талап етеді. Бүгінгі таңда тек бірнеше ел ғана тиісті нормативтік құжаттарды әзірледі және Қытай олардың қатарында. Осыған байланысты тәжірибе алмасу білім беру жүйесі мен заңгерлік білім саласындағы көшбасшылардың бірі Maqsut Narikbayev University үшін ерекше мәнге ие», – деді ҚР Конституциялық Сотының судьясы Қанат Мусин.
Шанхай саяси ғылымдар және құқық университетінің ректоры Гэ Вэйхуа цифрлық басқару мен жасанды интеллект саласындағы заң үстемдігінің алдыңғы қатарлы мәселелерін бірлесіп зерттеуді ұсынды. Ол «Құқық + ЖИ» ынтымақтастықтың пәнаралық негіздемелік бағдарламасын іске қосу және екі тілді курстарды бірлесіп әзірлеу бастамасын көтерді. Сондай-ақ Гэ Вэйхуа елдер арасында инвестициялар және дауларды реттеу саласындағы құқықтық ынтымақтастық тетігін әзірлеу мен трансшекаралық салада жұмыс істейтін құқықтық мемлекет саласындағы мамандарды даярлау үшін қытай-қазақ қоғамдастығын құру қажеттігін атап өтті.
«Біз MNU-мен ынтымақтастықты тереңдету мәселелері бойынша кең консенсусқа қол жеткіздік және бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге ниеттіміз. Конференция университеттер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудегі маңызды жетістікті білдіреді, сондай-ақ бұл іс-шара өзара іс-қимылдың жаңа бастамасы», – деді Гэ Вэйхуа.

Айта кетейік, Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірімен ынтымақтастық туралы уағдаластыққа өткен жылы MNU Провостының Шанхай қаласына сапары барысында қол жеткізілген болатын.






