Maqsut Narikbayev University-де басшылықтың Түмен облысының (Ресей) ресми делегациясымен кездесуі өтті. Тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.
Түмен облысының делегациясы MNU-ның қызметімен, сондай-ақ ғылыми және білім беру әлеуетімен танысты. Диалог халықаралық байланыстарды нығайтуға және ғылыми жетістіктер мен заманауи еңбек нарығының талаптарын біріктіретін жаңа білім беру форматтарын құруға бағытталды. Делегация құрамына өңір басшылығының өкілдері, білім және инвестициялық саясат департаменттерінің басшылары, мұнай-газ кластерінің көшбасшылары, депутаттық корпус пен бизнес-қоғамдастық өкілдері кірді.
Кездесу барысында MNU басшылығы университеттің негізгі ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жасанды интеллект саласындағы жобаларын таныстырды. Түмен облысы губернаторының орынбасары Андрей Пантелеев мұнай-газ кластерінің тұжырымдамасы туралы айтып, отын-энергетика кешені саласындағы міндеттерді шешу үшін екі елдің ғылыми ұйымдарының күш-жігерін біріктіруді ұсынды. Сонымен қатар инновациялық орталыққа айналатын және облыстың барлық бес жоғары оқу орнын біріктіретін Түмен қаласындағы Университетаралық кампустың жобасына ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, Түмен облысы Қазақстанмен экономикалық және мәдени ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Бұдан басқа, MNU Ресейдің оннан астам жоғары оқу орындарымен табысты өзара іс-қимыл жасауда.






