Maqsut Narikbayev University мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы меморандумға қол қойды. Тараптар құқық, лингвистика және цифрлық технологиялар салаларындағы жобаларды іске асыратын болады.
Өзара түсіністік туралы меморандумға MNU Провосты Анар Ибраева мен «Тіл-Қазына» орталығының Басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай қол қойды. Серіктестік аталған бағыттар бойынша тиімді пәнаралық өзара іс-қимылға, сондай-ақ академиялық және технологиялық бастамаларды дамытуға ықпал етеді. Бұдан басқа, бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары және орталық базасында студенттер мен магистранттар үшін кәсіптік практика көзделген.
«Орталықпен серіктестік қазақ тілінің құқық, білім және цифрлық технологиялар салаларындағы дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ынтымақтастықтың маңызды бағыттары – заң тілін дамыту, құқықтық терминологияны жетілдіру және қазақ тілінің академиялық әрі кәсіби ортадағы рөлін күшейту», – деді Анар Ибраева.
Айта кетейік, «Тіл-Қазына» орталығы – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, қазақ тілін цифрландыруға, оқыту әдістемелерін жетілдіруге және терминологияны жүйелеуге бағытталған ұйым.






