Maqsut Narikbayev University Сунан Ампель Сурабая мемлекеттік ислам университетімен (UIN Surabaya) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім академиялық алмасуды, сондай-ақ бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын дамытуға бағытталған.
Уағдаластыққа Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман мен UIN Surabaya Әлеуметтік және саяси ғылымдар факультетінің өкілдерінің MNU-ға сапары барысында қол жеткізілді. Индонезиялық әріптестер жоғары оқу орнының қызметімен, оның білім беру бағдарламаларымен және ғылыми әлеуетімен танысты. MNU провосты Анар Ибраева бүгінде университетте Индонезиядан келген студенттер білім алатынын атап өтті.
«Біз Индонезияны халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырамыз. Шетелдік талапкерлер білім беру гранттарының арнайы конкурсына қатыса алады. Осыған байланысты біз Индонезияның талантты студенттерін бұл мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз», – деді Анар Ибраева.
Сунан Ампель Сурабая мемлекеттік ислам университеті Индонезияның үздік бес жоғары оқу орнының қатарына кіреді. Университетте 77 білім беру бағдарламасы іске асырылуда және 20 мыңнан астам студент білім алуда. Жоғары оқу орны биыл өзінің 65 жылдығын атап өтуде.
Айта кетейік, бұған дейін MNU АҚШ-тың беделді жоғары оқу орындарының бірі – Джордж Мейсон университетімен меморандум жасасқан болатын.




