Maqsut Narikbayev University студенттері Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың тұлғасы мен шығармашылығымен танысты. Жоғары оқу орнында «Кекілбаев тұлғасы» кітабының таныстырылымы өтті.
Іс-шара Ұлттық кітап күні қарсаңында ұйымдастырылды. Басылым «Тұлғатану» жобасы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қолдауымен жарық көрді. Кітаптың авторлары – Ұлан Айқожа мен Абай Сейфулла.
Жинақта мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың өмірінің әр кезеңі жан-жақты қамтылған. Сондай-ақ оның адамгершілік қасиеттері, күрделі кезеңдерде шешім қабылдаудағы көрегендігі, мемлекеттік ұстанымы, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесі кеңінен баяндалды. Кітапқа замандастарының естеліктері, пікірлері мен тарихи деректер енгізілген.

«MNU әрқашан шығармашылық бастамаларды, жастардың идеяларын қолдайтын үлкен білім ордасы. Кітап таныстырылымының мақсаты – университет студенттері Әбіш Кекілбаевтың тұлғалық болмысынан үлгі алсын, ұлтқа еңбек етудің жолдарын көрсін және елге қызмет етуді түсінсе деп ойлаймыз. Ол әдебиет саласының майталманы, абыз, драматург, жазушы ретінде елге белгілі. Дегенмен, біз оның мемлекеттік тұлға ретіндегі болмысын да насихаттауымыз керек», – деді кітап авторларының бірі Абай Сейфулла.
Айта кетейік, таныстырылым барысында университет студенттері мен оқытушыларына ондаған кітап данасы сыйға тартылды.




