Maqsut Narikbayev University-де жасанды интеллект саласындағы білім беру бағдарламаларына құжаттар қабылдау өтуде. Жаңа бағдарламалар екі деңгейде (бакалавриат және магистратура) қолжетімді.
«Artificial Intelligence and Frontier Systems: AI + X» бакалавриат бағдарламасы алғашқы студенттерді қабылдауға дайын. Олар зияткерлік жүйелер инженериясын зерделеп, бағдарламалау, деректерді талдау, машиналық және терең оқыту, сондай-ақ ЖИ жүйелерін жобалау және енгізуде іргелі білім мен практикалық дағдыларды алады. Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі.
Білім беру бағдарламасының ерекшелігі «AI+X» моделінде. Студенттер үш бағыттың (қаржы, экономика, бизнес менеджмент) бірін таңдайды және ЖИ-дегі сараптамамен қатар таңдалған бағыт бойынша терең білім алады. Түлектер ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында бакалавр дәрежесін иеленіп, тек қана ЖИ инженерлері ғана емес, сондай-ақ экономика саласында жасанды интеллектіні қалай қолдану керектігін түсінетін кәсіпқой маман болады. Бағдарлама Сеул кибер университеті және отандық «Shai.pro» мен «Alpha.Tech.Edu» компанияларымен бірлесіп іске асырылуда.
Сонымен қатар ЖИ саласында жоғары оқу орнынан кейінгі білім алғысы келетіндерге арналған «AI Law» бағдарламасы іске қосылды. Инновациялық бейінді магистрлік бағдарлама құқық, ЖИ, деректерді басқару және цифрлық трансформация тоғысында жұмыс істеуге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталған. Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі, ал ұзақтығы 1,5 жылды құрайды.
Бағдарлама іргелі заң дайындығын жасанды интеллект технологиялары, деректерді талдау, алгоритмдік реттеу, «AI Governance» пен цифрлық комплаенсті зерттеумен біріктіреді. Оған ірі құқықтық деректерді талдау бойынша курстар, құқықтық қосымшаларға арналған «Python», зерттеу және өндірістік практикалар, сондай-ақ цифрлық экономиканың нақты міндеттерін шешуге бағытталған қолданбалы жобамен жұмыс енгізілген. Бағдарламаның серіктесі – Қытай саяси ғылымдар және құқық университеті.
Айта кетейік, MNU-да еңбек нарығының заманауи талаптары мен ЖИ-дің дамуын ескере отырып, білім беру бағдарламаларына жүйелі түрде трансформациялау жүргізілуде. Жаңа бағдарламаларды іске қосумен қатар қолданыстағы бағдарламаларға ЖИ компоненттерді ықпалдастыру күшейтілетін болады. Сондай-ақ университетте академиялық даярлық пен нақты кәсіптік практиканы тұрақты кезектестіруге негізделген практикалық-бағдарланған оқыту моделін жүзеге асыру жоспарлануда.
Білім беру бағдарламаларына түсу шарттары туралы толығырақ MNU қабылдау комиссиясынан білуге болады.