MNU Logo
Біз оқытуда жасанды интеллектіні қолдануды жоспарлап отырмыз – MNU Құқық жоғары мектебі деканымен сұхбат - MNU

06.05.2025

Біз оқытуда жасанды интеллектіні қолдануды жоспарлап отырмыз – MNU Құқық жоғары мектебі деканымен сұхбат

Maqsut Narikbayev University ғылыми-зерттеу жоғары оқу орнына трансформациялану жолында жұмысын жалғастырып, Қазақстандағы заңгерлік білімнің көшбасшысы болып қалуда. Университеттің осы жетістікті қалай сақтап отырғаны, аяқталып жатқан оқу жылы немен есте қалатыны және жақын арада қандай бастамалар мен жобалар күтілетіні жайлы MNU Құқық жоғары мектебінің деканы Ольга Бектібаева әңгімелейді.

– Ольга Сергеевна, Құқық жоғары мектебі үшін бұл оқу жылы қалай аяқталуда? Білім беру мен ғылыми қызмет салаларында қандай өзгерістер мен жетістіктерге қол жеткізілді?

– Өтіп бара жатқан оқу жылы Құқық жоғары мектебі үшін дәстүрлі түрде жаңа сын-тегеуріндерге, жеңістерге және үздіксіз трансформацияға толы жыл болды. Біз білім беру бағдарламаларымыздың сапасын арттыру бағытында үнемі жұмыс істейміз. Биыл біздің назарымызда – құқық және мемлекет теориясын оқыту болды. Біз оны бакалавриаттың бірінші жылында ғана емес, бүкіл оқу кезеңінде қажетті құзыреттерді бірізді дамытуға мүмкіндік беретіндей етіп реформаладық.

Сондай-ақ «Қазақ мемлекеттілігі және қазақ құқығы» атты жаңа курс енгіздік. Қазақ құқығы мен қазақ тіліндегі құқықты дамыту – 2024-2025 оқу жылындағы басты бағыттардың бірі болды. Бұл бағытта біз заң шығару саласында да, кәсіби заңгерлер даярлау жағынан да белсенді жұмыс істедік. Атап айтқанда, биыл көптен күткен «Қазақ-орыс заң сөздігі: заңнамадағы қателер және түсіндірмелер» кітабы жарық көрді. Бұл сөздік қазақ тіліндегі заң терминологиясын біріздендіруге бағытталған.

Құқық жоғары мектебінің профессорлары Дмитрий Дождевтің «Римдік жеке құқық» атты классикалық оқулығын және MNU-да ең көп сұранысқа ие профессор Роман Мельниктің «ҚР жалпы әкімшілік құқығы» атты оқулығын қазақ тіліне аударып, таныстырды. Бұл қазақ тілді заңгерлер даярлау ісінде позитивті рөл ойнайды деп ойлаймын.

Associate Professor Алмас Жұмағали студенттермен бірге «Қылмыс заңдардың эволюциясы. 1922 жылы қабылданған қылмыс заңы» атты бірегей басылым дайындады. Бұл – ағымдағы оқу жылында енгізілген студенттік зерттеу тәсіліне жаңа көзқарастың нәтижесі. Қыркүйектен бастап біз студенттердің ғылыми жұмыстарын түбегейлі қайта құрып, оларды ғылыми мектептеріміздің зерттеу жобаларымен тығыз байланыстырдық. Енді студенттер мен профессорлар ортақ мәселелерді бірге шешіп, олардың нәтижелері тиісті ғылыми мектептің жыл сайынғы зерттеу есебіне (Annual Research Report) енгізіледі.

Осы жаңа тәсілдің алғашқы оң нәтижелерін біз дәстүрлі MNU Law School Showcase барысында байқадық. Биыл бұл іс-шараға 100-ден астам жоба қатысты – бұл рекордтық көрсеткіш.

Сонымен қатар халықаралық бағдарламаларымыз да белсенді дамып келеді. Биыл біз Penn State University (АҚШ) құқық мектебімен ерекше top-up бағдарламасын іске қостық. Бұл бағдарлама аясында біздің студенттер төрт жыл ішінде MNU бакалавриатын және Penn State University магистратурасын қатар аяқтай алады. Алғашқы қатысушылар – Құқық жоғары мектебінің үшінші курс студенттері – іріктеуден өтіп, ұсыныстарын алып, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап АҚШ-та оқуды жалғастырады.

Сонымен қатар University of Liverpool-мен (Ұлыбритания) 4+1 бағдарламасын іске қосу туралы келісімге қол қойдық. Бұл бағдарлама біздің түлектерге магистратураға түсу кезінде арнайы жеңілдіктер мен артықшылықтар ұсынады. Бұл бастамалар тек студенттерге бағытталмай, MNU Құқық жоғары мектебінің халықаралық академиялық аренадағы позициясын нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар студенттеріміздің халықаралық жарыстардағы жетістіктері де осы бағытта жұмыс істеуде. Биылғы оқу жылында студенттер AIFC Moot Court Competition-де төртінші рет қатарынан жеңіске жетіп, Филип Джессоп кубогының ұлттық кезеңінде 23-рет Қазақстан чемпионы атанды. Сонымен бірге, олар Vis East Moot 2025 байқауында Орталық Азиядағы алғашқы Honourable Mention for the Best Memorandum жүлдесін жеңіп алды, сондай-ақ Pax Moot және Jean Pictet Competition 2025 байқауларында ел намысын қорғады. Ал бірінші халықаралық Legathon MaxUP жарысында екінші орын иеленді.

Тағы бір маңызды жетістік – біз әлі де ҚР ҰКП «Атамекен» білім беру бағдарламаларының рейтингінде «Құқық» тобы бойынша көшбасшы болып қала берудеміз.

Биыл Құқық жоғары мектебі шамамен 300 маман дайындап шығаруды жоспарлап отыр. Сіздің ойыңызша, мектеп жыл сайын жоғары деңгейді қалай сақтап келеді? Заңгерлік білім берудің көшбасшысы ретінде үздік атанып, рейтингтерде алдыңғы қатарда қалудың сыры неде?

Менің ойымша, бұл жерде ерекше бір құпия жоқ – бәрі бір мезетте әрі оңай, әрі күрделі. Бізде табысқа жету үшін барлық қажетті құрамдас бөліктер бар:

ең үздік оқытушылар (біз оларды табу мен дамыту жұмысын жыл бойы жүргіземіз, жас академиялық кадрларды қалыптастыру жүйесін де жолға қойдық); 
ең өзекті бағдарламалар (білім беру бағдарламаларының жетекшілері кез келген өзгерістерге өте жылдам жауап береді, заң нарығының ғана емес, академиялық кеңістіктің де барлық трендтерін мұқият бақылайды, бұл заңгерлерді даярлаудың іргелі негіздерін практиканың өзекті үрдістерімен және қажеттіліктерімен сауатты теңестіру үшін қажет);
нарықпен тығыз байланыс (стратегиялық даму мен білім беру бағдарламаларын айқындайтын, сыртқы басқару жүргізетін және құрамына еліміздегі ірі жұмыс берушілер кіретін мектептің Бизнес кеңесі);
жоғары академиялық стандарттар (біз білім беру бағдарламасын меңгеру, курстар мазмұны мен бағалау стандарттарына жоғары талап қоямыз, Bell Curve қолданылуын қатаң қадағалаймыз, академиялық адалдықты бұзуға мүлде нөлдік төзімділік танытамыз);
академиялық сапаны бақылау жүйесі (оқытушылар мен студенттер қатарынан құралған тәуелсіз алқалы органдар, академиялық шешімдерді ашық қабылдау процесі, профессорлық-оқытушылық құрамын рейтингтік бағалау жүйесі, MNU басқарма төрағасына тікелей бағынатын тәуелсіз Quality Assurance Office, әр семестрде қанағаттанушылық бойынша сауалнамалар мен олар бойынша әрекет ету жүйесі, студенттердің шағымдарын ынталандыру т.б.);
бәсекелестікті ынталандыру (бұған бағалардың медианасы, студенттік байқаулар, moot court турнирлері мен түрлі іріктеу шараларына қатысу ықпал етеді, яғни, студенттер өздерінің бәсекеге қабілеттілік дәрежесін және оның болашақта табысты мансап құрудағы маңызын сезінуі тиіс).

Ал осы «құрамдас бөліктердің» бәрін тұрақты нәтиже беретін жүйеге біріктіретін не нәрсе? Менің ойымша – бұл өзгерістерге дайын болу, икемділік, үздіксіз даму мен трансформация. Біз MNU Құқық жоғары мектебінде осылай жұмыс істейміз. Үнемі жаңа нәрсе ойлап табамыз, сынақтан өткіземіз, жетілдіреміз және қайта енгіземіз. Бұл – әкімшілікке, оқытушыларға, студенттерге де оңай емес. Бірақ тек осы жол ғана тоқырауға ұшырамай, алға жылжуға мүмкіндік береді.

Мектеп AIFC Moot Court халықаралық байқауында төртінші рет қатарынан жеңіске жетіп, АҚШ-тағы әйгілі Филип Джессоп кубогында Қазақстанның намысын қорғады. Бұл жетістіктер студенттердің дайындық деңгейі туралы не айтады? Ал болашақта мұндай байқауларға қатысатындарға қандай қасиеттер қажет?

– Бұл жетістіктер – біздің студенттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін, оларды даярлау деңгейі ең жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес келетінін көрсетеді. Кеңірек қарасақ, бізде халықаралық аренада елдің мүддесін білдіретін және қорғайтын, Әділетті, құқықтық Қазақстанды құратын адамдар бар. Мұндай байқауларға қатысу үшін терең білімнен басқа құқықтық талдау, сыни және тәуелсіз ойлау дағдылары, өз бетінше зерттеу жүргізу және командада жұмыс істей білу, көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары, жауапкершіліктің жоғары деңгейі, өзіндік тәртіп және тайм-менеджмент қажет. Және, әрине, бір немесе бірнеше шет тілін меңгеру.

– Биыл MNU бастамасымен ТМД-дағы алғашқы халықаралық студенттік байқау – Legathon MaxUP 2025 өтті. Бұл байқаудың тақырыбы – цифрлық трансформация дәуіріндегі құқық. Байқау студенттер мен оқытушыларға не берді және бұл бағытты болашақта дамыту жоспарда бар ма?

– Иә, шынымен де, биыл байқау цифрлық трансформация дәуіріндегі құқыққа арналды, бірақ жаһандық деңгейде оның идеясы әлдеқайда кең. Legathon MaxUP – тек болашақ құқығына арналған әлемдегі алғашқы және жалғыз ауқымды жарыс. Қатысушылар ертең туындайтын мәселелерді шешеді, өткеннің құқықтық проблемаларын зерттемейді. Бұл шын мәнінде перспективалы заңдық ойлауды қалыптастыруға мүмкіндік береді, қолданыстағы құқықтық жүйелердің шеңберінен шығуға және инновациялық шешімдерді іздеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ұлттық құқықтық жүйелердің жоқтығы қатысушылардың географиясын шексіз кеңейтуге мүмкіндік береді. Біз бұдан зор әлеуетті көріп отырмыз. Бүгінгі таңда еуразиялық құрлықта өзінің ауқымды халықаралық заң жарысы жоқ. Legathon MaxUP осындай турнирге айналып, Орталық Азияның жаңа зияткерлік орталық ретіндегі рөлін нығайтуы мүмкін. Біз бұл бастаманы дамытуды жоспарлап отырмыз және серіктестерді белсенді іздестіреміз.

– Биыл мектептің білім беру бағдарламалары қандай ұлттық және халықаралық аккредитациялардан өтті? Жұмыс берушілер «Құқықтану» және «Халықаралық құқық» бағдарламаларына қандай баға береді?

– Мен айтып өткендей, MNU Құқық жоғары мектебі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының нұсқасымен (рейтинг Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізіледі) «Құқық» тобы бойынша білім беру бағдарламалары рейтингісінің сөзсіз көшбасшысы болып табылады. Біздің барлық білім беру бағдарламаларымыз FIBAA және IQAA халықаралық агенттіктерімен аккредиттелген. Алайда, біз бағдарламаларды кәсіби заң қоғамдастығының, яғни біздің жұмыс берушілердің аккредиттеуі мен мақұлдауына ерекше көңіл бөлеміз.

Бакалавриат және магистратура деңгейіндегі «Құқықтану» және «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламалары KazBar (Kazakhstan Bar Association) аккредиттелген. Бәсекелестік құқық саласындағы бейінді магистратура бағдарламасын ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ, Еуразиялық монополияға қарсы сарапшылар альянсы мақұлдады. «IT құқығы» бағдарламасы DRCQ (Digital Rights Center Qazaqstan) аккредиттелген.

– Құқық жоғары мектебіндегі бейінді магистратурада қандай бағдарламалар бар және олардың ерекшелігі неде?

– Бейіндік магистратураның ерекшелігі, ол екі жылдық ғылыми-педагогикалық магистратураға қарағанда, қолданбалы құзыреттерді дамытуға бағдарланған және тәжірибелі заңгерлерге өздеріне қажетті немесе қызықты құқық саласында қосымша мамандандыру алуға және өз дағдыларын жақсартуға мүмкіндік береді.

Биыл біз үшін Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен (ДЗМҰ/WIPO) бірлесіп әзірлеген және іске асырып жатқан «Зияткерлік меншік және бизнес құқығы» бейінді магистрлік бағдарламасының іске қосылуы мақтаныш. Ақпараттық технологиялар мен цифрлық өнімдердің қарқынды дамуы жағдайында осы зияткерлік меншік объектілері кәсіпкерлік бастамалар мен болашақ экономикасының негізіне айналады. Сондықтан біздің Еуразиялық аймақтағы жалғыз бағдарламамыз шын мәнінде бірегей, өйткені ол тек үздік халықаралық тәжірибелерді ғана емес, өңірлік контекст те ұсынады. Бағдарлама ҚР Әділет министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда, биыл алғашқы түлектері болады.

Бұдан басқа, бейіндік магистратура аясында біз бәсекелестік құқық, IT құқығы және құқықтану саласындағы бағдарламаларды ұсынамыз. IT құқығын біз EY Kazakhstan-мен бірлесіп іске қостық және бесінші жыл табысты іске асырып келеміз. Бәсекелестік құқық саласындағы бейінді магистратура бағдарламасы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің тапсырысымен және қолдауымен басталды.

– Өткен жылы MNU-да 2025–2030 жылдарға арналған Құқықтық білім беруді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу бойынша стратегиялық сессия өтті. Сондай-ақ Құқық жоғары мектебінің профессорлары ел заңдарының түсініктілігін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізді. Бұл туралы Парламенттік тыңдауларда айтылды. Мұндай жобалар мектеп үшін қаншалықты маңызды және олар академиялық процесті қалай жақсарта алады?

– Бұл жобалар мен бастамалар Құқық жоғары мектебі үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды. Құқықтық білім беруді дамытудың жаңа тұжырымдамасы алдағы бес жылға жалпы елдiк мақсат пен заң кадрларын даярлау процесiн жетiлдiру бағыттарын айқындады. Тарихта алғаш рет оны әзірлеу үшін Қазақстанда заңгерлер даярлайтын барлық дерлік жоғары оқу орындары біріктірілді. Бұл қазақстандық заң білімі жүйесінің дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын.

Мен сондай-ақ тұжырымдамада ұсынылған тәсілдер ЖОО-лардың академиялық еркіндігін және олардың қызметін реттеудің бәсекелестік моделін сақтайды деп санаймын, бұл болашақта елеулі оң өзгерістерді күтуге мүмкіндік береді.

Қазақстан заңдардың оқылымдылығын арттыру жөніндегі жоба да елеулі әлеуметтік рөл атқарады, өйткені ол қазақстандық заңдарды еліміздің барлық азаматтары үшін түсінікті етуге бағытталған. Алайда бұл Құқық жоғары мектебі іске асырып жатқан жалғыз зерттеу жобасы емес. Біздің ғылыми мектептеріміздің әрқайсысы құқықтың барлық негізгі салаларында өз бастамаларын әзірлейді. Студенттеріміздің Қазақстанның қолданыстағы құқығын жетілдіру саласындағы ең озық идеялар мен ғылыми әзірлемелерге қол жеткізуі үшін олардың барлығы міндетті түрде оқу процесінде көрініс табады.

– Құқық жоғары мектебінің алдағы оқу жылындағы басым бағыттары мен даму жоспарлары қандай? Қандай бастамалар мен жобалар іске асырылуда? Сонымен қатар, түлектердің жұмысқа орналасуы қалай жүріп жатыр – университет бітіргеннен кейін олар өздерін қаншалықты табысты жүзеге асырып жүр?

– Алдағы оқу жылына жоспарлар, бастамалар мен жобалар өте көп. Біз бакалавриаттың білім беру бағдарламалары шеңберінде мемлекеттік және ағылшын тілдерінің қосымша тілдік тректерін дамыту бойынша үлкен міндет қойып отырмыз. Бұл біздің түлектеріміз университетті бітірген кезде өз жұмыстарында және зерттеулерінде пайдалануы үшін қажет. Кейіннен бағдарламаның тілдік тректері еліміздің стратегиялық мақсаттары мен серіктестіктерін ескере отырып, өзге де шет тілдерімен толықтырылуы мүмкін.

Біз сондай-ақ бағдарламаға жасанды интеллектті (ЖИ) пайдалану саласындағы қосымша тректі енгізуді жоспарлап отырмыз, ол күнделікті заңдық міндеттерді шешуді айтарлықтай оңтайландыра алады. Бұл жасанды интеллектің өзіне ала алмайтын заңдық дағдылар мен құзыреттерді дамытуға, кәсіби мүдделерге қызмет етуге баса назар аударуды талап етеді. Осы тұрғыда біз оқытуда қолданылатын әдістемелерді өзектендіру бойынша жұмысты жалғастырамыз.

Бұдан басқа, бакалавриат бағдарламаларын дамыту бөлігінде біз MNU Заң клиникасындағы жұмысты олардың міндетті компонентіне айналдыруды жоспарлап отырмыз. Өйткені оның қызметінің ауқымы бізге барлық контингентті қамтуға мүмкіндік береді.

Оқу процесiн ғылыми сүйемелдеу тұрғысынан қарасақ, келесi оқу жылында әкiмшiлiк әдiлет және халықаралық еңбек құқығы бойынша оқулықтар шығару жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Халықаралық шарттардың қазақстандық құқығы бойынша зерттеу нұсқамасын» жариялау күтілуде. Ол сайтымызда іске қосылатын Халықаралық жария және жеке құқық ғылыми мектебінің басшылығымен студенттеріміздің ауқымды цифрлық жобасы – MNU Treaty Collection-мен бірге болады.

Ағымдағы оқу жылында біз жаңа Салық құқығы ғылыми мектебін құрдық және аз ғана уақыт ішінде халықаралық салық салу және M&A салығы саласында біліктілікті арттырудың бірқатар коммерциялық табысты курстарын іске асыра алдық. Біз ғылыми мектептің негізгі зерттеу қызметінен қатар осы бағытты одан әрі дамытатын боламыз.

Алдағы жылда ЕҚЫҰ және ҚР Жоғарғы сотымен сот жүйесі үшін кадрларды қайта даярлау шеңберінде ынтымақтастықты жалғастыру, сондай-ақ, халықаралық байланыстарды одан әрі дамыту мен жаңа екі дипломдық және top-up бағдарламаларын іске қосу күтілуде. Кіммен – әзірге құпия, бірақ көп ұзамай бәрін білесіз.

Ал түлектердің жұмысқа орналасуына келетін болсақ, олардың көрсеткіші университет бітіргеннен кейінгі бір жыл ішінде шамамен 90 пайызды құрайды. Біз бұл көрсеткішті арттыру үшін талмай жұмыс істеудеміз.

– Мазмұнды әңгіме үшін рахмет!

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

Барлық жаңалықтар
Барлық жаңалықтар
Нарикбаев Талгат Максутович
Председатель Правления АО «Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева»
Пішінді толтырыңыз

    Тілді таңдаңыз

    Мәртебесі

    Міндетті түрде

    Академиялық дәреже

    Міндетті түрде

    Азаматтық

    Міндетті түрде

    Аты

    Міндетті түрде

    Тегі

    Міндетті түрде

    Электронды пошта

    Міндетті түрде

    Ұялы телефон нөмірі

    Міндетті түрде


    Пішінді толтырыңыз

      Аты-жөні

      Міндетті түрде

      Электронды мекенжайы

      Міндетті түрде

      Телефон нөмірі

      Міндетті түрде

      Сізде ғылыми дәреже бар ма?

      Міндетті түрде

      Қызмет атауы

      Міндетті түрде

      Сіздің түйіндемеңіз