Триатлон паркінде Maqsut Narikbayev University Қайырымдылық марафоны өтті. Спорттық шара 500-ден астам елорда тұрғындары мен қонақтарын біріктірді.
Марафонға қатысушылар жүгірісті MNU түлегі Мархифат Ғабитқа арнады. Іс-шара бағдарламасына 3, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтар, сондай-ақ 400 метрлік балалар эстафетасы кірді. Марафон Астана қаласының Триатлон федерациясы мен «The Akan Building» құрылыс компаниясының қолдауымен өтті.

«Мен 2014 жылғы MNU түлегімін. Марафон – бұл игі спорттық дәстүр, спорт мерекесі және қайырымдылық. Бұл жерде студенттер мен университет түлектерінің бірлігі де бар. Барлығыңызға спортпен айналысуға және жүгіруге тілектеспін. Үздік жарыстар әрқашан алда», – деді марафонға қатысушы Ерлан Мұхамедиев.
Іс-шарадан жиналған қаражат дәстүрлі түрде жоғары оқу орнының студенттері мен түлектеріне жіберіледі. Бұған дейін, ортақ күш-жігердің арқасында университеттің үш студентіне көмек көрсетілді.

«Мен үнемі марафондарға қатысамын және бұл жарыс өте жақсы өтті. Осындай спорттық іс-шаралардың ерекше қайырымдылық мақсаты болғанының өзі керемет. Жақсы істерге арналған спорт идеясы адамдарды біріктіреді», – деді марафонның 3 шақырымдық қашықтығының жеңімпазы Шыңғыс Қадыров.
Марафон жеңімпаздары іс-шараның серіктестерінен бағалы сыйлықтар алды. Спорттық бөлімнен басқа, ұйымдастырушылар қатысушылар мен жанкүйерлерге ойын-сауық бағдарламасы мен сыйлықтар ұтысын дайындады.

«Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды, бәрі де өте жайлы, жылы және үйлесімді атмосферада өтті. Айналадағы адамдар ізгі ниетті болды, олар бір-бірімен тілдесіп, шынайы қолдау көрсетті. Мен марафондарға жиі қатыспаймын, ал жүгіру оңай болмады. Бірақ ауа райының тамаша болуының арқасында менде тек жақсы әсерлер қалды», – деді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич.
MNU марафоны университет мәдениетінің маңызды бөлігіне айналды. Іс-шара жыл сайынғы негізде өткізіледі.
«Мен 64 жастамын және белсенді марафоншымын. Сондай-ақ, жүзумен және велоспортпен айналысамын. MNU Қайырымдылық марафонына екінші рет қатысқаныма өте қуаныштымын. Мен жүгіруді ұнатамын және әрдайым өзімді одан да жақсы сезінемін. Жастармен жүгіру өте қызықты болды», – деді марафонға қатысушы Елеусіз Парнабай.

Айта кетейік, өткен жылы MNU марафонының қатысушылары студент Ерсұлтан Бөрібекке қолдау білдірген болатын.









