Maqsut Narikbayev University-де кітап оқу бойынша белсенділер марапатталды. Жоғары оқу орнында ауқымды кітап марафоны мәресіне жетті.
Сайыс бес ай бойы өтіп, студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Іс-шара университет студенттері арасында оқу мәдениетін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Айта кетейік, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде, озық ойлы ел боламыз десек, ең алдымен, кітап оқитын ел болуымыз керек деп айтқан болатын.
Марафон барысында қатысушылар ай сайын бір кітап оқып, қазақ және шетелдік көркем әдебиет, фантастика және бизнес басылымдарымен танысты. Сонымен қатар университет кітапханасында 55 кездесу өткізіліп, студенттерге кітаптардың мазмұны бойынша сұрақтар қойылды. Қатысудың тағы бір шарты оқылған кітап туралы пікірмен бейнеролик жасау және шығармалар туралы ой толғауларын оқырмандар күнделігіне жазу болды.
Ақтық кезеңге тоғыз студент өтті, ал жеңімпаздарды анықтау үшін зияткерлік викторина өткізілді. Финалда студенттер оқылған барлық кітаптар бойынша алған білімін көрсетті. Марафон қорытындысы бойынша Құқық жоғары мектебінің студенті Диана Қаһарман жеңіске жетті.

«Кітап марафонының бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын. Ол маған оқу мәдениеті мен тәртібін қалыптастыруға көмектесті. Мен бала кезімнен кітаптарды жақсы көремін және бұл жоба мен үшін нағыз сынақ болды. Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» шығармасы маған ерекше әсер мен терең эмоциялық із қалдырды», – деді Диана Қаһарман.
Марафонның үздік қатысушылары iPad, смарт-сағаттар және ақылды баған сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталды. Екінші кітап марафоны жаңа оқу жылына жоспарланған.





