Он мемлекеттің өкілдері Қазақстан халқының бірлігі күнін кең көлемде атап өтті. Maqsut Narikbayev University Фемида саябағында Spring Fest ұйымдастырылды.
Көктемгі фестиваль жаңарудың, мәдени әралуандықтың және халықаралық диалогтың символына айналды. Іс-шараға Қатар, Түрікменстан, Таиланд, Еуропалық Одақ Елшілері, Қытай, Үндістан, Сауд Арабиясы, Индонезия, Аустрия дипломатиялық миссиялары және Оңтүстік Корея мәдени орталығының өкілдері, сондай-ақ MNU студенттері, оқытушылары мен қызметкерлері қатысты. Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі елдердің бай мәдени мұрасын көрсететін дәстүрлі элементтер болды.
Фемида саябағында қазақтың киіз үйі, алтыбақан және ұлттық ойындар аймағы орын алды. Қонақтар шетелдік елшіліктердің жәрмеңкесіне қатысты, онда дәстүрлі тағамдар, киімдер мен кәдесыйлар ұсынылды. Spring Fest халықаралық әріптестермен бірлесіп үшінші рет ұйымдастырылды.

«Бұл дәстүрлі іс-шара MNU-дың халықаралық ынтымақтастық пен бастамалар алаңы екендігінің тағы бір дәлелі. Фестивальдің арқасында студенттер университет аумағында түрлі елдердің мәдениеттерімен және дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік алады. Іс-шараға біздің кейбір шетелдік серіктестеріміз алғаш рет қатысуда және біз оларды одан әрі жалғасын табатын осы дәстүрдің бір бөлігі болады деп үміттенеміз», – деді MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Фестиваль аясында ұлттық аспаптар оркестрі, студенттер театры мен университеттің белсенді студенттері өнер көрсетті. Іс-шарада Индонезия, Түрікменстан, Үндістан мен Оңтүстік Кореяның Елшіліктері қонақтарды музыкалық және би нөмірлерімен қуантты. Spring Fest жарқын әсер қалдырып, академиялық қауымдастықтағы ашықтық пен бірліктің құндылықтарын тағы да көрсетті.
Айта кетейік, биыл Қазақстан халқының бірлігі күні елімізде 30-шы рет атап өтілуде.









