Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары 140 балл жинаған төрт мектеп түлегі жоғары оқу орнын таңдады. Олар Maqsut Narikbayev University-де білім алуды жоспарлап отыр.
ҰБТ рекордсмендерінің бірі Тараз қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының түлегі Нұрғанат Қанат болды. Ол қазірдің өзінде MNU-ға барып, «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасын таңдады. Нұрғанат «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік байқауының жеңімпазы және Тарихтан республикалық олимпиаданың үш мәрте алтын жүлдегері.
Ал Түркістан қаласындағы «Tulga school» мектебінің екі бірдей түлегі елордаға көшуді жоспарлап отыр. Айсұлтан Жаңбырбай мен Расул Нышанбаев тек сыныптас болып қана қоймай, университетте бір топта болуға шешім қабылдады. 140 ұпай жинаған жас түлектер болашақ мамандығын аударма ісімен байланыстыруды шешті және MNU-ды таңдады.
ҰБТ-ның тағы бір рекордсмені Павлодар қаласындағы №7 мектептің түлегі Әсет Әлтайыр болды. Ол өзінің болашақ мамандығын 11 сынып басында анықтады. Математикадан республикалық олимпиаданың жүлдегері MNU-дағы «Менеджмент» мамандығына оқуға түсуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, мемлекеттік гранттар байқауынан басқа талантты талапкерлер жыл сайынғы Maqsut Narikbayev Scholarship олимпиадасына да қатыса алады. Олимпиада жеңімпаздарына университетте оқуға грант пен стипендия беріледі. Өтінімдер осы жылдың 21 маусымына дейін (қоса алғанда) қабылданады.
Бұған дейін университетте қабылдау комиссиясының жұмысы басталған болатын.
