Maqsut Narikbayev University-де Қазақстанның құқықтық жүйесінің ерекшеліктерін меңгеру бойынша жазғы мектеп өтті. Қатысушылар Ланьчжоу университетінің (ҚХР) студенттері болды.
Іс-шара екі университет арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылды. 20-ға жуық қытайлық студент отандық құқықтық жүйенің ерекшеліктерін, сондай-ақ қазақ тілінің негіздерін терең зерттеді. Бағдарлама Астана қаласының көрікті жерлерін аралауды да қамтыды.
«Бұл біз үшін пайдалы апта болды және біз қонақжайлылық үшін өте ризамыз. MNU Құқық жоғары мектебінің әкімшілігіне біздің оқуымызға қолдау көрсеткені үшін үлкен рахмет. Бізге Қазақстанның құқықтық жүйесі мен оның ерекшеліктерін зерделеу өте қызықты болды, сондай-ақ қазақ тілі сабақтары ұнады. Сонымен қатар біз Черногория Президенті Яков Милатовичпен кездесуге қатыса алдық. Біз өте жылы қабылдау және мазмұнды мәдени алмасу үшін ризашылығымызды білдіреміз», – деп өз әсерімен Ланьчжоу университетінің студенті Чжан Цзинъи бөлісті.
Айта кетейік, бұған дейін MNU Ланьчжоу университетімен білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Келісім академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асыруды және бірлескен ғылыми зерттеулер, конференциялар, семинарлар мен симпозиумдарды ұйымдастыруды қамтиды. Серіктестік аясында осы жазда MNU студенттері Ланьчжоу университетіне барып, Қытай құқығын меңгеріп, Аспан асты елінің мәдениетімен танысады.








